blog

Елордада жас белсенділер Елбасы медаліне ие болды

Нұр-Сұлтан қаласында белсенді жастарының басын қосатын бағдарламаның елордалық қатысушыларына «Елбасы Медалі» табыс етілді. Марапат иегерлері – Нұр-Cұлтан қаласы мен Ақмола облысының қола және күміс деңгейдегі 27 қатысушысы. 

Іс-шараны Қазақстан жастарының Конгресі және "Елбасы академиясы" КҚ ұйымдастырды. 

«Елбасы медалі» бағдарламасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «El Úmiti» бастамасы аясында әзірленді. Жоба – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. 

Жоғары марапатқа ие болғандардың қатарында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Динара Оралбекова да болды. 

«Мен үшін бүгін өте ерекше күн, себебі бүгін алғашқы медалімді аламын! Менің туыстарым мені мақтан тұтқанына қарап, жауапкершілік артып отырғанымды сезінемін. Бірақ өз еңбегімнің, күш-жігерімнің бағаланғанына қуаныштымын. Жобаға қатысудың арқасында еліміздің мәдени мұрасын зерттеп, отандық шығармалармен жақынырақ таныса алдым», - деді Динара Оралбекова. 

Қатысушыларды марапаттау рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов қатысты. 

Екі жыл ішінде Елбасының 4120 қола және 8 күміс медалі табыс етілді. Естеріңізге сала кетейік, медаль иегерлері ҚР жоғары оқу орындарына білім гранттарын тағайындау кезінде артықшылыққа ие болады (ҰБТ балдары тең болған жағдайда, Елбасы медалінің иегері басымдыққа ие). Мәселен, 2021 жылы 605 медаль иегері білім гранттарына ие болды. Олардың 30% -дан астамы – ауыл мектептерінің түлектері.